Біз Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түскен жылы оқу орнының тау тұлғасына айналған Тауман Амандосовтың дүниеден қайтқаны туралы қаралы хабарды естідік. Сол жылдан бастап, журфакқа оқуға түскен қыздар қауымы: «Қыздар қалайша журналист болады? Жиі-жиі іссапарға қыздар қалай шығады?
Күйеуге шыққан журналист келіншекті отағасы іссапарға қалай жібереді? Қысқасы, журналистика қыздарға қолайлы мамандық емес. Өздеріңе лайық мамандыққа баруларыңа әлі де кеш емес. Ойланыңдар!» деген Тауман ағаның ескертпесін естімейтін болды. Енді бүгін «Тауман аға Амандосов осы ойларын неге журфакқа келген қыз балаларға айтудан жалықпады екен?» деген сауал сананы шиырлайтыны бар. Былай қарасаңыз, профессордың студенттерге айтатын жаттанды, қарапайым қағидасы секілді. Дегенмен, «Бақсақ, бақа екен» демекші, астарында сыр бары анық. Сол сырды суыртпақтап көрелік. Тауман Салықбайұлы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түспей тұрып, Атырау об¬лыстық «Социалистік құрылыс» газетінде корректор, әдеби шолушы, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған.
Журналистиканың қыр-сырына қанығып, қара қазанында жастайынан-ақ қайнаған. Шыңдалған, қайралған, жетілген. Өндірістің өзінен университетке келген. Сол кездегі қазақ журналистикасының аурасын сезінген, айбарын бағамдаған. Бір сөзбен айтқанда, бұл мамандықты тәжірибелік тұрғыдан да, теориялық тұрғыдан да бес саусақтай зерделеген. Зердесіне тоқыған, білім-білігі толысқан. Ендеше, таным-түйсігіне түйгендерін сол қоғамның қажеті үшін неге айтпасқа?! Тауман ағаның журналистік мамандықты ерекше назарға алып, салмақ салуында басы ашық, қадап айтар, басты мәселе бар-ау дейміз. Оның бірі – журналистикаға жалпы мінездің, мінез болғанда да ер мінездің қажеттігін аңғартқаны. Екіншісі – қарапайым, бұл мамандыққа ұлттық болмыс-бітіміміз тұрғысынан қарағаны. Тауман аға өмір сүрген кеңестік жүйе кезінде қазақ журналистикасы «жуас түйе жүндеуге жақсының» күйін кешті. Ұлттық мүдде, ана тілі, қазақ халқының әлеуметтік мәселелері қағажу қалды. Себебі, түсінікті. Қаһарынан қан тамған кеңестік билік, цензура т.б. Бұған қарсы қайрат көрсететін, еңсемізді тіктеп, есемізді қайтаратын азу тіс шыққанымен, ол айбар журналистикадан көріне қоймады.
Амандосов арманының түпкі мәні осы ма еді дейміз. Ұлт ұпайын түгелдейтін қазақ журналистикасына ер мінез бен адуынды айбын әкелетін жігіттер ауадай қажет-ақ. Журфакқа тек ұлдар түссе, түбі сан-сапаға әсер етіп, қазақтың қамын жейтін қаламгерлер армиясы өсіп шықса деген, көкейдің түкпірінде жатқан арман емес пе?! Тауман аға журналистік мамандыққа ұлттық болмыс-бітіміміз тұрғысынан қарағаны – қыздарымызды ерекше бағалағаны деп білеміз. «Ұлт болам десең, бесігіңді түзе» демекші, қаракөздеріміздің күнді-күн, түнді-түн қатып әрі қаупі де жетіп артылатын мамандықтан гөрі, қазақтың ертеңгі ұрпақ қамын көбірек ойлағаны абзал болатындығын аңғартқаны анық. Қазақ публицистикасы теориясы¬ның негізін қалаушылардың бірі, университеттегі журналистика фа¬культетінің, тіпті еліміздегі журналистік білім беру жүйесінің нық қалыптасуына үлкен үлес қосқан дара тұлға – профессор Тауман Амандосовтың журфакқа жылда ұлдарға қарағанда қыздар көп түсетіндігіне қарап қынжылыс білдіретіндігінің сыры осы ма екен дейміз. Өзін білетін адамдарға қадыр-қасиетін өтінбей өткізе алатын жандар болады. Олар қашанда ел алдында елеулі, ал еңбекте енжар емес. Сондай ұлағатты ұлан міндетін кезінде ұға білген жандардың бірі – Тауман аға – өмірдің асау ағынымен бағытсыз ыға бермей, өрге ұмтылған дарын иесі, талмай іздену арқылы өзіне тән өмір арнасын тапқан жан.
Ғалым, аудармашы, ұстаз Тауман Салықбайұлына тағдыр балалық шағына тиесілі бақытын мол бұйыртпағанымен, замананың рақымы мен етінің тірілігі екі жақтап оны жедел есейтіпті. Мұнайлы өңірдің тумасы Тауман аға 1921 жылы 5 желтоқсанда Атырау облысының Балықшы ауданы Кеңөзек ауылында дүниеге келген. Ауыл оқуын алғыр, қапысыз қабылдап, журналистика соқпағына түскен ол, өзінің еңбек жолын қазіргі Атырау қаласындағы облыстық «Социалистік құрылыс» газетінен бастайды. Жас дарын көп ұзамай, білімін жетілдіріп, білігін арттыру мақсатымен Алматыға аттанады. Сұрапыл соғыс аяқталған қиын жылдары ҚазМУ-дің филология факультетінің журналистика бөліміне оқуға түседі. Оқуын үздік бағамен тамамдаған зерек, жас маманды үстаздары бірден университетке аға оқытушылыққа қалдырады. Іскер, ұйымдастырушылық қабілетімен де көзге түскен Тауман Салықбайұлы 1952-1958 жылдары сырттай оқыту саласында проректор, 1959-1966 жылдары филология факультетінің деканы қызметін атқарды. 1966 жылдан өзінің ұйытқы болуымен құрылған журналистика факультетінің деканы болып сайланып, 1971 жылға дейін осы қызметті атқарды. Факультеттегі теле-радио кафедрасының ашылуы да Т.Амандосов есімімен байланысты.1966 жылдан өмірінің соңына дейін өзі ашқан журналистік шеберлік және әдеби редакциялау кафедрасына меңгерушілік етті.
Тауман Салықбайұлы – еліміздегі журналистика ғылымы саласындағы алғашқы ірі ғалымдардың бірі. Атап айтқанда, 1955 жылы «Қазақ кеңес әдебиетіндегі халықтар достығы идеясы» атты кандидаттық диссертациясын, 1982 жылы Мәскеуде «Қазіргі қазақ публицистикасындағы лениндік дәстүр» атты докторлық диссертациясын сәтті қорғап, Қазақстанда журналистика теориясы бойынша тұңғыш профессор атағын алды. Он бір монографиялық еңбектің, сондай-ақ жұртшылыққа кеңінен мәлім «Публицистика – дәуір үні», «Достық лебізі», «Қазақ совет баспасөзінің жанрлары» атты оқу құралдарының авторы. Кандидаттық қорғаған жылдар оны бір емес, бірнеше саладан танытты. Ғылым ортасында – ғұлама, студент аудиториясында – ұстаз, әдебиет саласында – қайырымы мен қайраты мол тәржімеші. Себебі, ол орыс тіліндегі көркем және ғылыми-танымдық бірқатар шығармаларды қазақ тілінде сөйлетіп, білікті аудармашы ретінде де танылды. Тәжірибелі тәржімәші ретінде де орыс, қазақ, батыс әдебиетін терең зерделей білген жан. Тауман Салықбайұлының өзінен бұрын өзгені ойлауға өжеттігі жететін нағыз тұлға екендігін, шамадан тыс ерлігі де жоқ еместігін бүгінде шәкірттері аңыз етіп айтып жүр. Бұл меғдарға келгенде о баста уытты, отты жаратылған жанның биік мұратын көресің. Ендеше үлкен дарын иесінің ақ-адал еңбегі мен сүбелі ізі ауыздан ауызға ауысып, қағаздан қағазға көшірілу керек-ақ. Өзінің бүкіл саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған Тауман Амандосовтың дүниеге келгеніне 100 жыл толып отыр. Еліміз тәуелсіздігін алғанына 30 жылдығы Тауман Салықбайұлының ғасырлық мерейтойына тұспа-тұс келуі – өзіндік символдық мәні бар деп білеміз. Жоғарыда Тауман ағаның арманы туралы айттық. Қазақ журналистикасына қажетті ер мінез бен ұлттық айбарды аңсап кеткен ағамыздың арманы бүгінде орындалды ғой дейміз. Еліміз егемендігін алды. Тәуелсіздігімізді баянды ету жолында қазақ журналистикасы да «сары бала, қара қазан қамы үшін» айтарын именбей айтып, айбарланған шағы.
Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
«Шалқар» радиосының директоры, философия ғылымдарының кандидаты,
Мәдениет қайраткері, ҚР Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты
Суреттер Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің мұрағат қорынан алынды.