Image

Амандосов аманаты

«Журналистика ғылым емес» дейтіндер мен оларға дау айтатындар арасындағы пікірталас әлі күнге дейін толастамай келе жатқаны анық. Белгілі бір сала ғылым болып қалыптасуы үшін оған зерттеу нысаны, теориясы мен тәжірибесі және тұтынатын ортасы болуы шарт. Бұл – журналистиканың ғылым екенін айғақтайды. Алайда «дін болу үшін – негіз, кітап болу керек» деп есептейтін риторикалық түсінік сияқты, бұл пікір қайшылығына да қашан нүкте қойылатын белгісіз...

Журналистика ғылымын ұстап тұрған белтемірдің бірі – жанр. Қоғамның бір орында тұрақтап қалмайтыны секілді, жанр да үздіксіз түрленіп отырады. Дегенмен, «Жанр, қайда барасың?» деп жүргенімізде көптеген публицистикалық жанрдың түрлері мен пішіндерін «жоғалтып» алғанымыз анық. Зады, ұмыт қалдыруға бейіл болып барамыз десек болады. Өйткені даму дөңгелегі зырлауықтай айналған қоғамда «жауынгер жанрға» корреспонденция, репортаж емес, сұхбат айналып кеткелі қашан?! Сұхбаттың алдыңғы қатарға шыққаны соншалық, бұл интервью берушінің «журналист менің айтқанымды жазып, нан тауып отыр» деп кергуіне әкеліп, корреспондент еңбегін бағаламауды туындатты. Журналистика арқылы әйгілі болған «айтишниктердің» өзі азаматтық журналистикаға кәсіби журналистика ілесе алмайды деуге көшкен. Бұған «төртінші билік» өкілдерінің журналистика жанрларын толыққанды пайдалана алмауы да басты себеп. Ал журналистердің жанрларды «естен шығаруы» мен жан-жақты игермеуі отқа май құйғандай болып отыр. Әйтпесе, журналистика жанлары мен түрлері туралы оқимын дегендерге Т.Амандосов, Т.Қожакеев, М.Барманқұлов, Н.Омашев, К.Хамзин, Б.Жақып т.б. еңбектерінде кеңінен айтылған. Осындай айтулы ғалымдардың ішінде қазақ журналистикасы теориясы мен тәжірибесінің бастау бұлағы ретінде Тауман Амандосов тұрғаны ақиқат. «Біз жанр жайын байыптауға қарапайым түр тұрғысынан емес, мазмұн тұрғысынан қараймыз да, оның сыртқы белгілері мен өзгешеліктерін тізе бермей-ақ, даму заңдылығы тұрғысынан келеміз. Өйткені дүниеге шыншыл көзқарас журналистерге жаңа идея, жаңа мақсат, жаңа міндет жүктеді. Публицистиканың мазмұн жаңалығы журналистердің алдына тың әдіс, соны түр табуды талап етті. Мұның өзі публицистика жанрларын жақсарта, байыта түсу мақсатынан туатыны айқын. Газеттер мен журналдарда жарияланатын, радио арқылы хабарланатын, телевизия арқылы берілетін материалдардың түрлерін құбылтып, мазмұнын байытып, ажарландыру, сөйтіп, шеберліктің шыңына жетіле беру негізгі міндеттердің бірі болып отыр» деген Амандосов одан әрі жанрларды былай жіктейді: Жанрлар туралы тағы да дәлелдей түсу үшін көркем әдебиет жанрларын, олардың түрлерге қалай бөлінетіндігін қарастырып өтейік. Әдебиеттің жанрлары – драма мен лириканы алайық. Драма жанрының трагедия және комедия атты екі түрі бар. Немесе лирика жанры: сонет, арнау, романс, элегия, тағы басқа осы сияқты бірнеше түрге бөлінеді. Олай болатын болса, публицистиканың да осындай үлкенді-кішілі жанрлары, оның түрлері болуға тиіс. Ол «Жанрлар туады, өседі, өзгереді, жоғалады, жаңадан пайда болады». Дамудың осы барысында публицистикалық шығармалар мынадай үш түрлі жүйеге бөлінеді: публицистиканың хабар жанрлары, публицистиканың талдамалы жанрлары, көркем публицистикалық жанрлар. Тау тұлғалы Тауман Амандосов мұндай тұжырымға іргелі ізденіс, мол тәжірибенің негізінде жеткен.

Биыл саналы ғұмырында артында өшпес мұра қалдырған журналистикадағы дара тұлға, ұлағатты ұстаз, ғалым Тауман Салықбайұлының туғанына – 100 жыл. Қазақ халқының руханиятына, ұлттық журналистикасына сіңірген еңбегі зор Тауман Амандосов Атырау облысының Балықшы ауданы Кеңөзек ауылында дүниеге келген. Дарынды журналист өзінің еңбек жолын қазіргі Атырау қаласындағы облыстық «Социалистік құрылыс» газетінде әдеби қызметкерліктен бастаған. 1946 жылы ҚазМУ филология факультетінің журналистика бөліміне оқуға түсіп, 1950 жылы үздік бағамен тамамдаған жас маман университетке аға оқытушылыққа қалдырылады. 1952–1958 жылдары – сырттай оқыту саласында проректор, 1959–1966 жылдары филология факультетінің деканы қызметін атқарды. 1966 жылдан өзінің ұйытқы болуымен құрылған журналистика факультетінің деканы болып сайланып, 1971 жылға дейін осы қызметте болды.

Факультеттегі теле-радио кафедрасының ашылуы да Тауман Амандосов есімімен байланысты. Ғалымның жекелей және ұжымдық авторлығымен шыққан «Совет журналистикасының теориясы мен практикасы», «Публицистика – дәуір үні», «Газет жанрлары», «Журналист және өмiр», «Қазақ баспасөзiнiң жанрлары» атты теориялық оқулықтары, өзі аударған «Журналист анықтамалығы» барша журналистер үшін әлі күнге дейін құнды дүние. Ашылуына Тауман Амандосовтың өзі мұрындық болып, қалыптастырып, дамуына зор үлес қосқан тағы бір кафедра – Журналистік шеберлік және әдеби редакциялау кафедрасы. Болашақ журналистердің шеберлігін шыңдап, редакциялаудың қыр-сырына үйреткен осы кафедра 1998 жылы «Баспа ісі және әдеби редакциялау» деген тың атаумен қайта ілгеріледі. Орта Азия көлемінде алғаш Қазақстанда дүниеге келген «баспагер-редактор» мамандығының ашылуына сол кездегі факультет деканы Намазалы Омашев түрткі болған еді. Кафедра меңгерушісі болып Бауыржан Жақып тағайындалды. Содан кейін Баспа ісі және редакциялау кафедрасы ретінде Қайрат Сақ, Баспа ісі және дизайн кафедрасы ретінде Сағатбек Медеубек тізгінді қолға алды. Осы уақытта бұл мамандықтың маңызының артқанынан кафедра университет көлемінде алдыңғы үздіктердің қатарына шықты. Келе-келе «Баспа ісі» мамандығының «Өнер» классификаторына енуіне байланысты меңгеруші Жетпісбай Бекболатұлының уағында Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасы ретінде қайта құрылды. Бұл кезде қазақ журналистикасы теориясының негізін салған ғалым, ұстаз, журналист, филология ғылымдарының докторы, профессор Тауман Амандосов басында тұрған кафедра редакциялау үдерісіне жаңаша көзқарас қалыптастыру мақсатында редакторлық қызметті басты нысанға айналдыра алды. Қазірде филология ғылымдарының докторы Айгүл Рамазанова осы игілікті істі одан әрі дамытып отыр. Тауман Амандосов журналистік шеберлік пен редакциялау үдерістерін бір-бірімен тығыз байланыстыра қарады. Ұлағатты ғалым: «Журналистің шеберлігі оның жарияланған материалдарынан байқалады. Бірақ ол жарияланбастан бұрын редактордың алдына түскенше талай процестерден өтеді. Яғни тақырыптың табылуы, объектіні табу, оны жазу процестері, өнделуі, теруге жіберілуі, тағы басқа толып жатқан жағдайлар – әншейін нәрсе емес, көп ойланып-толғануды талап ететін күрделі процесс.

Мұның барлығы журналистің жеке басының қасиетіне, қолтаңбасына, журналистік еңбектің жалпы мақсатына және оның өзіне тән ерекшеліктеріне байланысты. Ал мұның барлығы журналист еңбегін ғылыми ұйымдастыра білуді талап етеді. Журналист еңбегін ғылыми ұйымдастыру ісіне фактіні іріктеп, шебер жазудан бастап, қойын дәптерді қолдана білу, күнделік жүргізу, картотека, тағы басқа да толып жатқан жайлар енеді. Ұйымдастыру техникасын (жазу машинасы, диктафон, магнитофон, фоно машбюро) меңгеру де журналист еңбегін жемісті ете түседі» дейді. Редактор – мерзімді, мерзімді емес БАҚ-тың идеялық-мазмұндылық сапасына жауап беретін тұлға ғана емес, қазіргі трендке сәйкес айтсақ, менеджер, яғни ұйымдастырушы, жетекші, үйлестіруші, басқарушы. Демек, өзі редакциялаған дүниелерінің қоғамдық пікір туғызуын қамтамасыз етуші.

Қазірде редактор – кітап редакторы, газет-журнал редакторы, электронды БАҚ редакторы, мультимедиалық редактор, сценарист-редактор деп одан әрі жіктеле береді. Жаңа медиа саласында да оның маңызы тіпті арта түсті. Тауман Амандосов редакторлық қызметтің қыр-сырын қазақ тілінде ғылыми айналымға алғашқы енгізуші екені белгілі. Баспа және БАҚ салаларындағы түрлі редакторлардың қызмет құрылымын жіпке тізгендей рет-ретімен жіктеп беруі – осы ойымызға бұлтартпас дәлел. Ғалым публицистиканы әдебиеттен бөлек өнер ретінде дәлелдеп, журналистиканың жанрларын да алғашқы болып саралады, атау, терминдеріне қазақша балама берді. Осы орайда Қазақстан баспа ісін де алғашқы болып ғылыми дәйектеген Тауман Салықбайұлы екенін ұмытпағанымыз абзал. Яғни, Тауман Амандосов ақпараттық кеңістіктің атасы болып саналатын кітап ісінен бастап, журналистиканың теориясы мен тәжірибесінің алғашқы әліппесін ғылыми айналымға енгізген теоретик деуімізге толық негіз бар.

«Баспалардың бағыты және сипаты мемлекеттік құрылысқа да байланысты болады. Ал баспа техникасының дамуы қоғамдық өндіргіш күштермен байланысты болып отырады» деген тұжырымынан анық аңғара аламыз. Кітап – ақпарат таратудың ең көне түрі екеніне ешкім таласа алмас. Тас кітап, қолжазба кітап, баспа кітап, электронды кітап секілді эволюциялық даму жолынан өткен ақпараттандыру – бұқаралық ақпарат құралдарының бастауы екені айдан анық. Озық ойлы адам санасынан туындаған еңбек нәтижесін келесі бір санаға трансформациялауда кітаптан басталып, газет, журнал, радио, телевизия, компьютер, интернет, цифрлануға ұласқан ақпарат тарату – адамзат игілігіне жұмыс істеп, оның ішінде қазақ ұлттық ақпараттық қоғамын да инновацияға жетелеуде үздіксіз қарыштап келеді. Бұл қастерлі жолда ештеңені ұмыт қалдыруға болмайды. Ол – баспа ісі мен ұлттық журналистика білім беру және ғылыми зерттеу бағытына алғаш түрен салған Амандосов секілді ұлт зиялыларының кейінгілерге қалдырған аманаты деуге тұрарлық. Ал аманатқа адалдық таныту – арлының ғана ісі екенін айтудың өзі әбестік болар. Мұндай аманат алыстаған сайын биіктей беретін тау сияқты Тауман Амандосовтың тұлғасын биіктете беретіні даусыз.

Дәрмен СМАЙЫЛ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының аға оқытушысы

No module Published on Offcanvas position